Елордада креативті индустрия жанданып келеді

Елордада  креативті  индустрия  жанданып келеді

Жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту, тың идеяларын қолдау және оларды табысты кәсіпке айналдыру – креативті экономиканы дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Бұл ретте мемлекет пен шығармашыл қауым арасындағы ашық диалогтың маңызы зор. Жақында Астанада Qazaq Creative Hub алаңында Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев жастармен және креативті индустрия өкілдерімен кездесті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген міндеттер, жастарға арналған мемлекеттік қолдау шаралары, цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктері талқыланды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына және жас мамандардың кәсіби дамуына ерекше назар аударды. Кездесуге дизайнерлер, режиссерлер, музыканттар, продюсерлер, кәсіпкерлер мен түрлі саланың жас өкілдері қатысып, ұсыныстарын жеткізді. Креативті индустрияларды дамыту қоры үшін жастардың қабілетін шыңдап, шығармашылық еңбектен табыс табуына жағдай жасау маңызды.

Осы орайда креативті индустрияларды дамыту қорының өңірлік даму жөніндегі басқарушы директоры Ерлан Каналимовқа бірнеше сауал жолдадық.

 

– Ерлан Ермекұлы, өңірлердегі креативті индустрияны дамыту бағыты туралы не айтасыз?

– Өңірлердегі креативті индустрияны дамытуда нақты нәтижеге бағытталған жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Алдағы уақытта шығармашылық жобаларды оқыту бағдарламаларымен қолдап қана қоймай, оларды инвесторлармен байланыстыруға, халықаралық нарыққа шығаруға және өңірлік креативті хабтардың әлеуетін тиімді пайдалануға басымдық береміз. Қордың өңірлік үйлестірушілерімен және жергілікті атқарушы органдардың креативті индустрияға жауапты өкілдерімен кездесу өткізіп, өңірлердегі шығармашылық жобаларды қолдау, инвестиция тарту және халықаралық нарыққа шығу мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік зор.

Өңірлерде креаторларға арналған білім беру және акселерациялық бағдарламаларды кеңейтуге, шығармашылық жобаларды нарыққа шығаруға және «Ұлттық қолөнер мектебін» республика көлемінде дамыту басты мақсат. Қараша айындағы Pitch Day арқылы өңірлік жобаларды инвесторларға таныстыру, венчурлік қор құру және KOCCA мен FosterBridge серіктестіктері аясында халықаралық нарыққа шығу мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз. Creative Shift бағдарламасы аясында Алматы, Шымкент және Астанада ұйымдастырылған үш өңірлік буткемпке 500-ден астам креатор қатысты.

 

– Осы бағыттағы жоспарлар қалай жүзеге аспақ?

Креативті индустрияларға инвестиция тарту мақсатында АХҚО алаңында венчурлік студияны тіркеу, отандық өнімдерді шетел нарығына шығаруға бағытталған экспорттық топ құру және цифрлық платформаларды ықпалдастыру мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз. Осы бағытта «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) әкімшілігінің Басқарма төрағасы Бахтияр Тлеубековпен кездесіп, бірлескен жұмыстың нақты тетіктерін талқыладық. Атап айтқанда, инвесторлардың қатысуымен питчингтер ұйымдастыру, келешегі зор шығармашылық бастамаларды іріктеу, инвестициялық ұсыныстар әзірлеу және кәсіпкерлерге қаржылық әрі құқықтық кеңес беру мәселелерін пысықтадық.

Кездесу қорытындысында аталған бастамаларды іске асыру жолдарын айқындап, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою мүмкіндігін қарастырдық. Басты мақсатымыз – қазақстандық креаторлардың тың идеяларын табысты кәсіпке айналдырып, шығармашылық өнімдердің коммерциялық әлеуетін арттыруға жағдай жасау.

 

– Соңғы уақытта кітап оқуға қызығушылық артып келеді. Әсіресе жастар арасында. Бұл бағытта қандай жұмыстар істелуде?

– Кітап оқуға қызығушылықты арттырудың бір жолы – әдебиетті жастарға жақын әрі тартымды тәсілмен таныстыру. Миллиондаған қаралым жинап, көрерменнің ықыласына бөленіп келе жатқан «КітапХан» YouTube-шоуы көркем шығармаларды әзіл мен еркін пікірталас арқылы көпшілікке ұсынып, әдеби жобалардың да кең аудиторияға жол таба алатынын көрсетіп отыр. Креативті индустрияларды дамыту қорының бастамасымен «КітапХан» жобасы «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына қосылды. Бағдарламада қазақ және әлем әдебиетінің таңдаулы шығармалары талқыланып, кейіпкерлердің іс-әрекеті мен қаламгер көтерген мәселелерге ерекше назар аударылады.

Көркем тіркестер мен көнерген сөздердің қолданылуы да қазақ тілінің байлығын таныта түседі. Елордадағы «Жастар сарайында» «КітапХанның» алғашқы концерті өтті. Әлеуметтік желіде танылған әдеби шоу үлкен сахнаға шығып, көрерменге әдебиет пен әзілді ұштастырған ерекше бағдарлама ұсынды. Алдағы уақытта да кітап оқуға қызығушылықты арттырып, қазақ әдебиетін кеңінен танытатын шығармашылық жобаларды қолдауды жалғастырамыз.

– Уақытыңызды бөліп, сұрақтарға жауап бергеніңізге рақмет!

 

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
13.11.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29627
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 29184
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46427
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 42002
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46753