Жамбыл облысының Т. Рысқұлов ауданында ауқымды іс-шаралар кешені жүзеге асырылып жатыр, олар экологиялық мәдениетті арттыруды, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуді және ірі инвестициялық жобаларды іске асыруды қамтиды.
Аудан республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік жұмыстарын ұйымдастырды. Құлан ауылының Панфилов тұрғын үй алқабында қариялардың ақ батасымен шырша талдарын отырғызудан басталған бұл игі бастама, жаңғыртылған аумақты жасыл желекке бөлеп, елді мекеннің көркін арттыруды мақсат етеді. Ағаш отырғызу жұмыстарына ардагерлер, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары мен жастар ұйымдарының өкілдері белсене қатысты. Сонымен қатар, сенбілік Ұлы Жібек жолының бойындағы тарихи әрі рухани маңызы бар орындардың бірі – «Дулат баба» кесенесі маңында да өткізілді. Аудан аумағында экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған экоэстафета жалғасып, Абай ауылдық округіндегі шарадан кейін тазалық эстафетасы Жаңатұрмыс ауылдық округіне жолданды. Бұл іс-шаралар қоршаған ортаны қорғау мен елді мекендерді абаттандыруға бағытталған ортақ мақсат жолындағы маңызды қадамдар болып табылады.
Эко акцияға қатысқан аудан әкімі Ернар Есіркепов: «Бүгінгі өткізілген іс-шаралар, әсіресе «Таза Қазақстан» акциясы мен халықпен кездесулер, біздің ауданымыздың кешенді дамуының ажырамас бөлігі. Экологиялық мәдениетті арттыру – болашаққа инвестиция. Ал халықтың ұсыныс-тілектерін тыңдау, оларды шешу жолдарын қарастыру – біздің басты міндетіміз. Сондай-ақ, іске асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалар аудан экономикасына тың серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашатыны сөзсіз. Біз барлық бағыт бойынша жұмысты күшейтеміз», – деп атап өтті.
Аудан басшылығы Тереңөзек және Қайыңды ауылдық округтерінің тұрғындарымен кезекті халықпен кездесулер өткізді. Тереңөзек ауылдық округінде өткен жиында ауыл тұрғындары инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарға қатысты бірқатар ұсыныс-пікірлер көтерді. Атап айтқанда, ауылға спорт кешенін салу, бейітті қоршау, мектепке қосымша ғимарат немесе жаңа бастауыш мектеп қажеттілігі, шағын футбол алаңын салу, ағын су көлемін арттыру, су қоймасын салу және денсаулық сақтау саласына қатысты сұрақтар қозғалды. Көтерілген мәселелер бойынша заңнама аясында тиісті түсіндірмелер беріліп, өзекті ұсыныстар назарға алынды және нақты шешім қабылданғанға дейін бақылауға алынды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қайыңды ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуде аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Өткен жылы округке қарасты Мамай және Сөгеті ауылдарына ауызсу жүйесін жүргізу, Қайыңды ауылында медициналық пункт салу, ауылішілік жолдарды жөндеу, мал өлекселеріне арналған орын салу және көше жарықтандыру жобаларына бюджеттен 1,3 млрд теңге қаражат бөлініп, барлық жобалар толық жүзеге асырылғаны атап өтілді. Қайыңды ауылындағы медициналық пункт пайдалануға беріліп, Мамай және Сөгеті ауылдарында ауызсу жүйесінің құрылысы аяқталды. Тұрғындар тарапынан Мамай ауылындағы көше жолын орташа жөндеу, ауыл кітапханасын ашу, Қайыңды ауылындағы футбол алаңын күрделі жөндеу сияқты мәселелер көтерілді. Бұл ұсыныстар бойынша тиісті түсіндірмелер беріліп, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктелді.
Халықпен өткен кездесулердің маңыздылығына тоқталған аудан әкімі Ернар Есіркепов:
«Тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізу – халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын іске асырудың басты тетігі. Көтерілген әрбір мәселе инфрақұрылымға, әлеуметтік нысандарға немесе экономикалық бастамаларға қатысты болсын, біздің назарымызда. Біз халықпен бірге жұмыс істеп, барлық түйткілді мәселелерді кезең-кезеңімен шешу жолдарын қарастыратын боламыз. Бұл біздің ортақ мақсатымыз – ауданның дамуы үшін маңызды қадам», – деп мәлімдеді.
Аудан аумағында алдағы уақытта жүзеге асырылатын бірқатар маңызды жобалардың бастамашыларымен кездесу өтті. Қазіргі таңда «Бай Алғабас» шаруа қожалығы 300 бас ірі қара және 1000 бас ұсақ малға арналған мал бордақылау алаңының құрылысын жүргізуде. «NEO MILK» ЖШС 5000 биеге арналған саумал өндіру жобасын іске асыруда және жобаның келесі кезеңінде 15 000 ірі қара малға арналған бордақылау алаңы мен халықаралық талаптарға сай ет өңдеу кешенін іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, ЖК «Мухиев Е.» тарапынан құны 4,2 млрд теңге болатын заманауи кірпіш зауытын салу көзделіп, оны 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында пайдалануға беру жоспарланған. Бұл жобалар аудан экономикасының дамуына, өндірістік әлеуеттің артуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына өз септігін тигізетін болады.
Инвестициялық жобалардың маңызына тоқталған аудан әкімі Ернар Есіркепов:
«Бұл жобалар – аудан экономикасына жасалған стратегиялық инвестиция. «Бай Алғабас», «NEO MILK» және кірпіш зауыты сияқты ірі бастамалар ауданымыздың өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа тұрақты жұмыс орындарының ашылуына тікелей септігін тигізеді. Біз инвесторларға қажетті қолдау көрсетіп, жобалардың уақытылы және сапалы іске асуын қадағалаймыз», – деп атап өтті.
Атқарылған және жоспарланған іс-шаралар Т. Рысқұлов ауданының кешенді дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдар болып саналады.