Дайын өнім экспортына бетбұрған Қазақстан

Дайын өнім экспортына бетбұрған Қазақстан

Еліміз қазір өнеркәсіп саласында жаңа саясат белгілеп, жаңаша бағытқа бетбұра бастады. Бұл өз кезегінде болашаққа бағытталған өнеркәсіптің саясаттың негізгі жүлгесі деуге болады. Біз төменде еліміздегі өнеркәсіптің кешегісі мен бүгіні және келешегі жайлы аздап ой бөлісе кетуді жөн көрдік.

 

 

Өткенге көз жіберсек...

Қазақстандағы өнеркәсіптің даму жолына көз жүгіртер болсақ, 1960-жылдары жүзеге асырылған көптеген жаңа жобаларды айтпай кетуге болмайды. Осы жылдары еліміз бойынша 729 ірі өнеркәсіп кәсіпорны, 535 цех іске қосылыпты. 1965-1970 жылдары аралығында еліміз бойынша тағы да 445 ірі кәсіпорын мен цех халық игілігіне жарай бастапты. Бұлардың дені қара металлдар мен түсті металлургия, мұнай- газ өнеркәсібі, өнеркәсіптің химия және нефтехимиялық салаларға бағытталған екен. Мұнда еліміз аумағында титан, асбест, магний, глинозем, шойын, кокс, синтетикалық каучуктар өндіріліп, көтергіш кран, электр қозғалышы, сым созатын машиналар, темір соғатын машиналар жасалып шығарыла бастаған. Еліміздің өнеркәсіп өндірісі тау-кен саласымен, соның ішінде мұнай-газ өндірумен, қорытпалар дайындау саласына топтастырылғандығы анық. Бұдан бөлек Қазақстан ауылшаруашылығы саласын баса мән берген, өзіндік жетістіктері бар Кеңес одағының азық-түлік корзинасы ретінде қалыптасып үлгерген еді. Сол тұста Ресей, Украина, Белоруссия елеріндегі өнеркәсіптік даму мүлде жаңаша қарқын алған екен.

Дегенмен осы кезге дейін елімізде бірнеше ірі көмір кені ашылып, мұнай бұрғылау ісі дамуға бет алған. Қазақ металлургия зауыты салынып бітумен қоса, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Қаратау» кен-химия комбинаты сынды өнеркәсіп кешендері жұмыс істеп тұрғаны еді. Яғни еліміздегі өнеркәсіп кешендері қазақ даласындағы байлықты қазу, игерумен қоса өңдеу саласында да шындап кірісіп жатқан кез болатын.

Осындай игіліктерге жан бітірген маңызды бір сала- энергетика өндірісіндегі ірі кәсіпорындардың салынуы еді. 1961-1965 жылдары Қарағандыда, Петропавлда, Алматы қалаларында ірі кешендер бой көтерді. Ал еліміздің шығысында Бұхтарма СЭС-i салынды.

1970 жылдарды Қазақстан өнеркәсіп кешендерінің ішіндегі айтулы кәсіпорын саналатын Соколов-Сарыбай тау-кен байыту комбинаты, Қарағанды металлургия комбинаты КСРО-ның ең ірі кәсіпорны ретінде әлемге аты мәшһұр өнеркәсіп кешендерініңі қатарына енді. Осының нәтижесінде Қазақстан бүкіл одақ бойынша хром кендерін өндіруде алдыңғы орыннан көрінді. Темір мен марганец кедерін өндіру бойынша үшінші орынға көтерілді. Бұдан тыс болат, прокат, ферроқосындыларды шығару көрсеткішінде де жақсы нәтижелерге жетті. Бұлардың қатарында Павлодар алюминий зауыты – түсті металлургия кәсіпорны, Өскемен титан-магний комбинат, Балқаш тау-кен металлургиялық комбинатының жұмысы дүркіреп тұрды. Осынау жылдары жеңіл өнеркәсіп және азық-түлік өнеркәсібінде де көрнекті ілгерлеулер болған екен.

Қазақстанның машина жасау саласында басымдықтар ауыл шаруашылығы техникаларын өндіруде байқалған. «Қазақсельмаш» зауыты бұлардың нақты мысалы бола алады. Еліміде сол жылдары трактор зауыты, комбайн зауыты  іске қосылған екен. Осы кәсіпорындардың арқасында егіншілік пен шаруашылық салаларындағы механикаландыру үрдісі жылдамдаған.

 

 

Жаңа Қазақстанның өнеркәсіптік саясаты

  Жоғарыда аталған көптеген кәсіпорындар қазірге дейін табысты жұмыс істеп келе жатыр. Жасыруға келмейтін бір шындық- тәуелсіздіктен кейінгі тоқырау жылдарында өнеркәсіп саласында өнімді жұмыс істеп тұрған біраз зауыт-фабрикаларымыздан айрылып қалғанымыз еді. Дегенмен ел экономикасының күретамыры іспетті мұнай-газ, түсті маталлдар мен түрлі қазба байлықтарымызды өндіруге бағытталған кәсіпорындар мемлекеттің тікелей бақылауы мен қамқорлығы арқасында жаңарып, жандана түсті. Алайда соңғы жылдары әлем экономикасындағы тұрақсыздық пен түріл сын-қатерлер, жаңаша бағытқа бет аулға мәжбүрлеп тұрғаны тағы бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев билік тізгінін қолына алғалы бері, өнеркәсіп саласына жаңа бетбұрыс қажет екендігін үнемі айтып келе жатыр. Мәселен, Президентіміз 2025 жылы 8 қыркүейте «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында «Өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беретін уақыт келді»,- деді.

- Экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру керек. Ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс. Қазір бұл жұмыс жүйесіз жүргізіліп жатыр. Қолдау шарасын ұстанымдары мен талаптары әртүрлі институттар жүзеге асырады. Мұндай ахуал кәсіпкерлерді әбден шатастырады. Бұл саланы ретке келтіріп, үйлестіру жұмысын толығымен қолға алу керек.

Тау-кен металлургиясы қашанда Қазақстанның жаңа индустриалды қалыбының сенімді тірегі болып келеді. Оның ел экономикасындағы үлесі – 8 пайыз. Бірақ саланың даму әлеуеті зор. Әсіресе, терең өңделетін өнімдерді шығаруға мол мүмкіндігі бар. Жаһандық үдерістерге сәйкес, сирек кездесетін металдардың және айрықша қажет басқа да материалдардың маңызы арта түсті. Бұл саладағы әлемдік өндірістер мен сауда-саттықтың жаңа желісінде өз орнын нықтап алуына Қазақстанның толық мүмкіндігі бар. Біз алдағы үш жыл ішінде тау-кен саласында жоғары технологиялық өнім шығаратын кемінде үш кәсіпорынды іске қосуға тиіспіз. Сондай-ақ Үкімет көмірсутегі шикізатын терең өңдейтін бірқатар озық жобаны жүзеге асыруы қажет.

Атырауда ірі газ-химия кешенінің құрылысы басталды. Павлодарда сұйытылған газды терең өңдеуге арналған жоба қолға алынды. Осы кәсіпорындардың дер кезінде іске қосылуын қамтамасыз ету керек. Ілеспе газ бен сұйытылған мұнай газын қажетке жарату мәселесін түбегейлі қайта қараған жөн. Оны толыққанды экономикалық ресурсқа айналдыру қажет. Инвесторлар жобаларды жүзеге асырған кезде газ шикізатынан тапшылық көріп отыр. Сондықтан бұл мәселені де шешу жолдарын табуымыз керек, инвесторларды ұзақ уақыт газбен қамтамасыз етуге нақты кепілдік беретін жаңа тәсілдер ойластырған жөн. Жобаның бәрін дер кезінде іске асырып, экономиканы цифрлық тұрғыдан жаңғырту үшін электр энергиясы жеткілікті көлемде болуы қажет. Қазір біз қуат көздерін жан-жақты жаңғыртып жатырмыз. Шетел инвесторларының қатысуымен ауқымды жобалар жүзеге асуда. Мысалы, алдағы бес жылда қуаты 6,3 гигаватт болатын «жасыл» энергия нысандарын іске қосу жоспарланған. Бұл қадам еліміздегі жасыл энергияның үлесін едәуір арттырады. Бірақ Қазақстанның түпкі мақсаты – қуат көздерін өзгерту емес. Бұл – ең алдымен еліміздің энергия жүйесінің нақты мүмкіндігі мен мемлекетіміздің ұзақмерзімді мүдделеріне негізделген тұрақты даму жолы,- деді Президент Жолдауында.

Қазіргі таңда Үкімет пен қатысты министрліктер осы бағытқа сай көптеген игі істерді жүзеге асырып жатыр.

 

 

Өнеркәсіпті мемлекеттік басқару

Еліміздің өнеркәсіп саласын онан ары дамыту мақсатында 2023 жылы 4 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің жарлығымен Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылды. Аталмыш министрлік бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігін қайта ұйымдастыру (бөлу) нәтижесінде өмірге келді. Оның негізгі миссиясы- өнеркәсіп, құрылыс, тау-кен металлургия кешені, машина жасау; көмір, химия, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және басқа да салалардағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және таратылуы,  минералдық-шикізат базасын молайту сынды ауқымды салаларды қамтиды.

 

 

Жаңа стратегия

Мемлекет басшысыынң тапсырмасына сәйкес Үкімет Қазақстан Республикасының 2023–2029 жж өңдеу өнеркәсібін дамыту тұжырымдамасын қабылдады. Бұл өз кезегінде елдің индустриялық болашағын айқындаған маңызыд құжат болды. Мұндағы басты мақсат- отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, шикізаттық емес экспортты ұлғайтуға және жоғары технологиялық өнім шығаруға бағытталған. Басты бағыттар: Өңдеу өнеркәсібін жеделдетіп дамыту: шикізатты терең өңдеуді қамтамасыз ететін жобаларды қолдау.

Экспортқа бағдарланған өндіріс: «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ арқылы экспорттық әлеуеті жоғары өнімдерді ұзақ мерзімді қаржыландыру.

Машина жасау мен металлургияны дамыту: локализацияны арттыру және жоғары технологиялық өнімдер шығару.

Инвестиция тарту: өнеркәсіптік жобаларға мемлекеттік қолдау шараларын (лизинг, жеңілдікті несие) тиімді пайдалану.

Өндірістік инфрақұрылым: индустриялық аймақтарды дамыту және өнеркәсіптік кәсіпорындарға қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету.

Бұл тұжырымдама ҚР Индустриялық саясаты туралы заң аясында іске асырылып, өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесін арттыруды көздейді.

Бұл бұрынғы жүргізіп келген өнеркәсіп саясатымен салыстырғанда елдің индустриялық болашағын айқындап, өнеркәсіптің толық экожүйесін құруға қадам жасаған жаңа стратегиялық жоспар ретінде танлды.

 

Нәтиже қандай?

Бұл жерде біз тағы да Президент Жолдауында айтылған маңызды бір түйінді дәлел ретінде келтіре кетуді жөн көрдік. Мемлекет басшысы 2025 жылы қыркүйектегі Жолдауында: «Бұл бағытта соңғы бес жылда бірқатар жетістік бар деп айтуға болады. Өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосымша құны екі есе өсіп, 17 триллион теңгеге жуықтады. Ал оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 12,4 пайызға жетті. Былтырдың өзінде 163 жаңа өндіріс іске қосылды. Соның нәтижесінде 12,5 мың тұрақты жұмыс орны пайда болды. Мысалы, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Атырау облыстарында машина жасау және металлургия саласындағы ірі кәсіпорындар ашылды. Биыл Алматыда әртүрлі автокөліктер шығаратын Қазақстандағы ең үлкен өндіріс орны жұмысын бастады. Бірақ бұл, әрине, жеткіліксіз»,- деген еді.

 

 

Құзырлы мекемелер таратқан деректерге жүгінсек, қазіргі таңда өңдеу өнеркәсі жыл сайын 6 пайыздық мөлшерлемемен дамып келе жатыр екен. Осы төңіректе шетелдерден тартылған инвестиция көлемі 15 млрд доллардан асыпты. Бұрындары келген инвестицияның негізгі бағыты мұнай, газ, металл секілді салаларға көбірек жұмсалса, қазір машина жасау, химия, құрылыс материалдары, агроөңдеу саласына ойысқандығы байқалады. Еліміздің бірқатар облыстарында индустриялдық аймақтар құрылып, облыс әкімдеріне инвестиция тарту талабы жүктеліп отыр. Осылайша біртіндеп көпсалалаы бағытқа қарай тереңдеп бара жатқан жайы бар.

 

PS: Жаңа өнеркәсіп саясатының жүзеге асырылуына байланысты ел экономикасы шикізаттық саладан әртараптандырылған, өңдеуге негізделген салаға ойыса бастады. Мұнда мемлекет негізгі ойыншыға айналды. Осының арқасында өнеркәсіп пен инвестиция қатар дамуға қадам басты. Дегенмен шешімін табуды күтіп тұрған мәселелер де жоқ емес. Мемлекет басшысының өзі атап өткендей, өндірісті қаржыландырудың әлсіздігі, технологиялық артта қалу, еңбек өнімділігінің төмендігі, әлі де болса импортқа тәуелділіктен арыла алмау сынды бірқатар кемшіліктер сақатылп отыр. Дегенмен алға қойған мақсаттарымызды жүзеге асыру жолында әлі талай белестерді бағындырарымыз сөзсіз. Шетелдік сарапшылардың пікірінше Қазақстан болашақта Орталық Азиядағы өндірістік хабқа айналуы мүмкін дейді. Осылайша қазақ елі шикізат → өңдеу → дайын өнім → экспорт сынды жаңа бағытқа беттеп келеді.

Ерқазы Сейтқали
26.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24356
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24018
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41472
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37383
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41726