Есенғалидың батасы
– Мен ақын Тоқаш Бердияров туралы әңгімені осы Алматыға алғаш табаным тигелі естіп келемін. Ішінде емге татитыны да, татымайтыны да бар, әрине. Ол туралы әңгіме негізінен «тентек», «ұрыншақ», «бұзық», «шеңберге сыймайтұғын» болып келеді. Бәрі рас. Себебі, Тоқаң «непредсказуюмый» ақын болды. «Төбелесті күтпеген жерден бастау керек, сонда қызық болады» дейді екен шәкірттеріне. Өзің айтшы, осы есі дұрыс адамның сөзі ме?! Жарықтықтың жырлары да тура өзі сияқты тосын, күтпеген жерден басталып, күтпеген жерден шолт қайырылып жатады. Өлеңі – өзі! Ақынның өзі қандай болса, өлеңі де сондай, қисық-қыңыр. Кейін өзім жақсы байланыста болған Қадыр Мырзалиев, Өтежен Нұрғалиев, Дулат Исабеков, Қалаубек Тұрсынқұлов, Есенбай Дүйсенбайұлы, Темірхан Медетбек, Есенғали Раушанов, Аманхан Әлім, Ұлықбек Есдәулет, тағы басқалардан сұрастыра жүріп, ақын туралы мәліметтер жинастыра бастадым. Тоқаңның тағдыры ақынның басынан сипамаған екен. Бәрі өзінен өзі болды. Жинаған мәліметтерімді ой елегінен өткіздім, өзімше зерделедім. Соның негізінде «Қайшылықтар нүктесі» деген эссе жазылды. Бірақ, неге екені, оған қанағаттанбадым. Тосын ақынның қайшылықты тағдыры барған сайын өз иіріміне тарта түсті. Бір күні ақын туралы неге естелік кітап құрастырмасқа деген ой келді. «Мундирі жоқ генерал» Тоқаңның «адъютанттары» деген атақтары бар Аманхан мен Есенғалиға бардым. «Осылай да осылай, Тоқаш туралы естелік кітап құрастырсам деп едім, соған сіздер не дейсіздер?» – дедім. Елгезек Аманхан сөзге келген жоқ, бірден келісімін берді. Есенғали сәл ойланып қалды.
– Жақын, – деді ол Аманханға әнтек бұрылып. – Мұны біз жасауымыз керек емес пе еді? Әйтеуір, мұрнымызбен шаншыламыз да жүреміз. Әруақтың алдында ұят болды ғой!
– Иә, мұнымыз адамгершілік болмады, – деді Аманхан досын қостап. – Жә, болары болды, таусылмайық. Тоқаш көкемнің нағыз жоқтаушысы алдымызға өзі келіп тұр. Меселі қайтпасын, бер батаңды!
Бұдан әрі Есенғалиға да шегінетін жер қалмаса керек.
– Аманхан айтты, мен қайттым. Тоқаш ақынның әруағы қолдай берсін, әумин! – деді. Осымен іс бітті. Тоқаң жайында зерттеулер мен естеліктер жинауды бастап кеттім. Нәтижесінде 2015 жылы Тоқаңның 90 жылдық тойы қарсаңында «Көке» деген кітап құрастырып шығардым, тұсаукесері Жазушылар одағында өтті. Кітапты жұрт өте жақсы қабылдады. Ағаларымнан жылы пікірлер естідім. Сол маған үлкен дем берді. Биыл Тоқаштың 100 жылдығына орай сол кітапты толықтырып, қайта шығаруды (көлемі 40 баспа табақтай) ойластырып отырған жайымыз бар.
Ноқтаға бастары сыймаған көкелерім
– Жағымды жаңалық екен. Сәттілік серік болсын! Тақырыпқа оралсақ, өзіңіз Тоқаш ақынды көрдіңіз бе? Жеке таныстығыңыз болды ма?
– Өкінішке орай, Тоқашпен жеке таныстығым болған жоқ. Араласа алмадым, мүмкіндігім болмады! Тіпті оның қолын алған адам емеспін. Өзін бір-ақ рет көрдім. Онда да әудем жерден... Жазушылар Одағында «Қаламгер» деген керемет бар болатын. Алыс-жақыннан келгеннің бәрі сонда бас қосып, гүжілдейтін де жататын. Мен Одаққа әлдебір шаруамен барып, «Қаламгерге» кездейсоқ тап болдым. Қаракөлеңкелеу түкпірде бір топ даурығып отыр екен. Арасынан Тоқаш Бердияров пен Тұтқабай Иманбековты таныдым. Тағы біреуін ақын Сабырхан Асанов шығар деп шырамытамын қазір. Қалған екеуі есімде жоқ. Ол кезде тентектікпен аты шыққан Тоқаштың даңқы жер жарып тұрған шағы. Ақынды алғаш рет сонда көрдім және соңғы рет көруім де сол болды. «Өтірік!.. Жала!.. Пәдеріңе нәлет, жала жабудың қандай екенін оларға көрсетемін әлі!..» – деп әлдекімді мықтап сыбаған Тоқаңның сондағы дауысы құлағымда әлі жаңғырады...
– Өзі де «бір түрлі» ақын Өтежан Нұрғалиев ұстазы Тоқаш Бердияров туралы көп жазды. «Қадыр да, Төлеген де, Мұқағали да, керек десеңіз мен де, бәріміз Тоқаштың өніміміз» дейді ол. Тағы бір естелігінде «Неге екені, мен Тоқаштан қатты қорқатынмын. Оның мінезі – мінез емес, сәт сайын құбылып тұратын бірдеме. Не ойлап отырғанын алдын ала болжау мүмкін емес еді» деп жазады. Тоқаш мұндай «тентек», «жындысүрей» мінезді қайдан жұқтырған деп ойлайсыз?
– Оны мен қайдан білейін, бауырым! Оны бір білсе көкелеріне сыра тасып, жанында ұзақ жүрген Есенғали мен Аманхан білер еді. Ол жақта жалғызсырап қалды деді ме, пандемия кезінде көкелерінің соңынан асығыс аттанып өздері де кетті ғой... Тағдырдың жазғаны. Менің білетінім, сенің бұл сұрағыңа Өтежан өзі жауап беріп қойған. «Тоқаш соғыс көрген, қаны бұзылған алдыңғы ұрпаққа жатады», – дейді ол. Тоқаш жасын ұлғайтып көрсетіп, өзі сұранып соғысқа аттанғанда небәрі 16 жастан жаңа асқан бозым екен. Соғыста атақты Сталинград шайқасынан бастап Берлинге дейінгі жолды толарсақтан қан кешіп өткен. Ұлы Отан соғысы деген сұрапылдың қақ ортасында бір қаңғыған оқтан қашан жер жастанар екем деп, содан өмірлік жазылмас қайғы арқалап оралған. Майданға 8 жыл өмірін берген. Соғыстан оралған ақын ә дегенде белгілі ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың үйіне түскен. Себебі Қенжебаевтың үлкен ұлы Шыңғыс пен Тоқаң Балтық флотында бірге қызмет еткен, яғни сүңгуір қайықта теңізші болған. Қуанышы қойнына сыймаған Бейсекең зыр жүгіріп жүріп Тоқаш пен баласы екеуін көркемсурет училищесіне оқуға түсірген. Өйткені, Тоқаңның бала күнгі арманы мүсінші болу еді. Бірақ, аяқтамай тастап кетті. Айтпағым, Бейсенбай Кенжебаев Тоқаңа баласындай қамқорлық жасаған кісі, ұлынан кем көрмеген. Тоқаң да ақсақалды әкесіндей асқар тау тұтса керек. Бұл сыйластық ғұмырының соңына дейін созылған. Бұл – бір.
Екіншіден, Тоқаң қаршадайынан жетімдіктің жеті атасын көріп өскен ақын. Ташкенттегі жетімханада қара нан мен қара су ішіп ержеткен. Ол өзінің қиын тағдырын өлеңдерінде де керемет қиыстырады. «Жетімхана, дзотхана, оқхана, окопхана, жатақхана, сырахана мені тәрбиеледі» дейді. Енді өзіңіз-ақ ойлаңыз, осындай советтік тәрбие мен қанды соғысты көріп, ымырасыз қатал тағдырды бастан кешкен адам «қаны бұзылған дүлей» болмағанда, қайтеді?!.
– Сіздің бұл әңгімеңіз соғыстан кейінгі «шеңберге сыймаған» алыптарды еске түсіреді екен...
– Оның ең басында біртуар Баукең – Бауыржан Момышұлы жүруші еді... Өз отына өзі түсіп өртеніп, лаулап, жанып... Одан кейін қоғамға көп «проблема» тудырған Асқар Тоқпанов, «ноқтаға басы сыймаған» Нұрғиса Тілендиев... Сосын бүгінгі тақырыбымыздың тұздығы Тоқаш Бердияров, Қасым Аманжолов, Хамит Ерғалиев, Тайыр Жароков, Төлеужан Исмайлов, Құдаш Мұқашев, Мұқағали Мақатаев, Өтежан Нұрғалиев, Тұрсынзада Есімжанов, Сәкен Иманасов... болып кете береді. «Шеңберге сыймаған» осы сияқты елу шақты адам болды. Бұлар ажалынан үш күн бұрын өліп қалмағанда, қазақ өнері мен әдебиетін шырқау аспанға көтерген болар еді. «Әттең-ай, жалған-ай!» демеске лажымыз жоқ.
Осы жерде бір ой. Жалпы, ақындарды екі топқа бөліп қарастыруға болады: «Шеңберге сыйятын» ақындар және «шеңберге сыймайтын» ақындар деп. «Шеңберге сыйятын» ақындарды екінші сөзбен «сарай ақындары» десе болады, ал «шеңберге сыймайтындарды» «көше ақындары» деп алсақ артық емес. Біріншілердің өлеңдері құдды «инкобатордан» шыққандай бір-біріне ұқсас болады, биліктің жасап берген «рамкасынан» шықпайды, алдын ала жасалған «идеологиялық» арнадан алыстамайды, асып-төгілмейді. Қалпын сақтайды. Ал, екінші топтағылар – белгілі өмірлік ережелерге бағына бермейтін ақындар және сонысымен қызық. Олардың бұл қолайсыздығы өздеріне пайдасыз болғанымен, әдебиеттегі бәсекелестеріне пайдалы болды. Тоқаш ақын осы «шеңберге сыймаған», «қалыпқа түспеген», «қолайсыз» ақындар қатарынан еді...
Қолайлы және қолайсыз ақындар кімдер?
– Соңғы кезде кілең қоғамға қолайлы ақындар қаптап кетті деп жүр ғой. Сіздіңше, бұл жақсы ма, жаман ба?
– Қалай түсіндірсем екен?.. Мәселе мынада: айталық, орыстың ұлы ақыны Лермонтов табиғатында «неудобный», қолапай болған, белгілі бір шеңберге сыймаған. Замандастарының айтуынша, ашушаң, тәкаппар, әдептіліктен алыстау, айналасына үнемі көңілі толмай, заһарын шашып жүрген. Керек десеңіз, Лермонтов басқа да жазалаушы орыс солдаттары секілді тау халықтарының әйелдерін әурелеген, қорлауға қатысқан деген де дерек бар. Бірақ, Лермонтовтың бұл ұрда-жық ит мінезі оның ұлы ақын екенін жоққа шығара алмайды. Әріптесі Мартыновты жұрт көзінше жерден алып, жерге салып, дуэлге шақырып, содан мерт болу себебі осы қолапайсыз ит мінезінің кесірі. Пушкин, Есенин, Маяковскийлердің де түбіне жеткен мінездегі осы мазасыздық пен қолайсыздық болатын.
Жасыратыны жоқ, Б.Момышұлы, Т.Бердияров, М.Мақатаев сияқты өз қазақтарымыз да осындай «неудобный», қолайсыз мінезден ада емес еді. Себебі олар тумасы ешкімге ұқсамайтын таланттар, жеке индивдтар болатын. Әрине, бұл адамдар өз мінезін білмеді деп айту қиын, бірақ оны игеру, қалыпқа түсу бойынша жұмыс істемегені анық. Бірақ, тағы да қайталаймын, индивидтардың бұл қоғамға қолайсыздығы олардың ұлы ақын болып қалуына кедергі келтіре алмайды.
Олай болса кілең бір қоғамға қолайлы ақындарды тәрбиелеп шығарғаннан біздің ұтарымыз бар ма? Міне, бұл қолайсыз сұрақ билікте отырғандардың құлағына жету керек. Арпа ішінде бір бидайдың жүруі қашаннан бергі қалыптасқан заңдылық емес пе. Кімнің кім екенін танып, біліп, құрметтеп жүресің. Әйтпесе, кілең бір инкубатордан өріп шыққандай бірін-бірі қайталаған, бірінің бірі көшірмесі сияқты ақындар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтардай қаптап бара жатқан сияқты. Егер мені артық айтып отыр десең, оны айт! Меніңше, қазіргі жаңа қоғам ақындарына Тоқаштың қыңырлығы, Мұқағалидың қолайсыздығы, Өтежанның қытымырлығы, Жұмекеңнің тереңдігі, Қадырдың тапқырлығы, Тұманбай жанының нәзіктігі жетпей тұрғандай көрінеді. Поэзия қолдан төселген қос рельстің үстінде бір бағытта бірдей кәстөм-шалбар киіп алып зымырай бергеннен дамымайды. Бұдан өлең шіркін өшпесе, өспейді. Талант – биік самғау үшін аздаған еркіндік берілу керек деп есептеймін.
– Тоқаш ақын туралы естелік айтушылар, оны өз өлең мектебін қалыптастырған ақын ретінде сипаттайды. Бұл – ақынның шығармашылығына берген үлкен баға. Өз мектебін қалыптастырған ақынның аты бізде неге аталмайды? Сіз қалай ойлайсыз?
– Жалпы, қазақ әдебиеті тарихында өз өлең мектебін қалыптастырған ақындар саусақпен санарлықтай ғана. Мысалы, өз мектебін қалыптастырған деп хакім Абайды айтуға болады, одан кейін Мағжан Жұмабаев осы санаттан. Берідегі Төлеген Айбергенов, кеше ғана дүниеден өткен Есенғали Раушанов, көзі тірі классиктерімізден Тыныштықбек Әбдікәкімовты белгілі дәрежеде өз мектебін қалыптастырған ақындар қатарына қоссақ, әдептен озбаймыз. Сосын кім бар? Әрине, Тоқаш Бердияров бар. Оны да ұлт поэзиясында өз мектебін қалаған ақын ретінде қарастыруға әбден болады. Ол туралы Өтежан Нұрғалиев та айтып өткен. «Мысалы, Тоқаш Бердияров бүкіл қазақтың плеядасын тәрбиелеген адам. Бәріміздің ұстазымыз. Мұқағали Мақатаевты кішкентай бала күнінен бесігінде тербеткен. Бердияровты айтқанда әлі күнге дейін бүкіл ақындардың төбе құйқасы шымырлайды. Өйткені, Бердияров бірінші пионер, ну орманға кірген пионер. Бірінші болып алтын тапқан адам. Үш шумақ, бес шумақ өлеңнен шедевр жасаған, Абай сияқты. Бірақ, ешкім Абай мен Тоқашты салыстырмайды...» – дейді. Бұдан асырып кім айта алсын?!
Ал, Тоқаштың аты неге аз аталады, оны қалайша ұмытып кеттік деген әңгімеге келсек, ірі ақын А. Блоктың: «Бүкіл адамзат баласының екі пайызы ғана поэзияны жан-жүрегімен қабылдауға, талдап, тұщынып оқуға қабілетті, ал қалғаны құр дақпырттың жетегінде жүреді», – дейтіні бар. Рас. Даусыз нәрсе. Аса дарынды адамдардың трагедиясы да осында жатыр. Мысалы, орыстар Пушкин мен Есенинді, қазақтар Абай мен Махамбетті бірден таныған жоқ. Олардың маржан ойларын санада саралау үшін бір ғасырға жуық уақыт керек болды. Кешегі Мұқағалиды да өзі дүниеден өткен соң барып аты шыға бастады емес пе?! Оған дейін елді бөріктіріп жүретін «дүлей», «жындысүрей», «маскүнем» болды. «Жұмбақ ақын Жұмекен ше – әлі сол жұмбақ күйінде қалып келеді. Өтежанды мүлде ұмыттық десе болады. Кезінде бүкіл ақындарымыз көке деп қадірлеген қазақтың бірінші лиригі Тоқаш Бердияров та осындай немқұрайлықтың құрбаны болып отыр.
Тоқаштан Мұқағалиды неге ажыраттық?
– Оңтүстіктегі Келес жерінде, Көктен ата қорымында мәңгі дамылдап жатқан Тоқаштың қабірінен алған бір уыс топырақты Кеңсайдағы Мұқағали қабірінің басына, одан бөлек Қарасаздағы Мақатаев мұражайына апарып табыстағаныңызды, одан басқа шырайлы Шымкент, Алматы мен Астана қалаларынан қос ақынға көше беру, екеуіне ортақ ескерткіш орнату жөнінде бастама көтеріп жүргеніңізді баспасөз арқылы ел жақсы біледі. Мұндай ойға қашан келдіңіз және оған не себеп болды?
– Бұған ең басты себеп – Мұқағали мен Тоқаштың арасындағы достық. Жоғарыда айтқанымыздай, бүкіл қазақ ақындары Тоқаңды көкеміз деп қадірледі, ұстазымыз деп құрметтеді. Жол бастаушымыз, ту ұстаушымыз деп ардақ тұтты. Соның ішінде Мұқағали екеуінің арасындағы сыйластық пен достық ұзаққа созылды. Ол туралы Мұқағалидың жары Лашын Әзімжановадан бастап, екеуінің көзін көрген бүкіл замандастары айтып өткен. Әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек «Тоқаш Мұқағалиға ұстаз болып қана қалмай, ақыреттік досына да айнала білді» дейді. Қазақ үшін достық деген ең қасиетті ұғым еді. Достық, сүйіспеншілік, махаббат ұғымдары – отаншылдық, елдік, азаматтық ұғымдармен теңестірілетін. Қазір ондай жоқ. Достықтың құнын түсіріп жібердік. Орнына мүдде деген ұғым алға шықты. Достық пен жауапкершілік ұғымдарының арғы тегі бір деп қараушы едік, қазір екеуінің де мәртебесі төмендеп кетті.
Реті келгенде айтып өтейін, «Англияның мәңгілік досы жоқ, мүддесі ғана бар» демеп пе еді Уйнстон Черчиль, жарықтық. Ол мұны саяси мақсаттан шығарып айтқан болатын. Қазір осы ұғымды жеке адамдар арасындағы достыққа да қолданатын дәрежеге дейін төмендедік. Әлеуметтанушыларға жүгінсек, адал достық жарқыраған күн сияқты адамға шуақ та, қуат та береді екен, тіпті адамның ұзақ жасауына септігі зор көрінеді. Адал достық, дос алдындағы парыз – қандай ұлы ұғымдар! Осындай тамаша ұғымдардан күн өткен сайын алыстап бара жатқанымыз өкінішті.
2015 жылы Тоқаңның туған жері Келесте ақынның 90 жылдығы аталып өтті. Жиын барысында қарымы бөлек ақынның атын ұлықтау жөнінде көптеген ұсыныстар айтылды. Сыйластығы ақыреттік достыққа айналған қос ақынға Шымкент пен Алматыдан қатар жатқан екі көшенің атын берейік, көше бойынан екеуіне арнап зәулім ескерткіш тұрғызайық деп алғаш рет сол жиында мәлімдедім. Ұсынысым жұртқа ұнады, жаппай қолдау көрсетті. Содан бері 10 жыл уақыт зымырап өте шықты. Өкінішке орай, ақындарға қатысты біздің көтерген мәселеміз баяғы жартас сол жартас болып мызғымай әлі тұр. Біз де текке қарап отырғанымыз жоқ. Түркістан облысы мен Шымкент, Алматы қалалары басшыларының атына бірнеше үшбу хаттар жазылды. Олар «хатыңды алдық, ұсынысыңыз мәслихатта қаралады, күтіңіз» дегенмен арыға аса алған жоқ. Егер біздің осы ұсынысымыз жүзеге асатын болса, ол ұлы достықтың символы болып асқақтап тұрар еді. Бізге керегі де осы емес пе!
Ал, Алматы қаласында Тоқаш ақын соңғы тұрған Гоголь көшесіндегі үйге ескерткіш тақта орнату туралы мәселені биыл тағы көтеріп жатырмыз. Әне-міне қалалық әкімшіліктің шешімі шығып қалар деп үміт үстінде отырмыз.
Осы жерде бір ой айта кетсем деймін. Олпы-солпы ақындар көбейіп, анық ақындар азайып бара жатқан қазіргі заманда қазақ поэзиясына үлкен олжа салған әдебиетіміздің қос биік шыңы – Мұқағали Мақатаев пен Тоқаш Бердияровқа қай жерде, қай қалада, қандай өңірде болсын жолы ашық даңғыл болуы керек деп есептеймін. Олар туралы сөз болғанда «мүмкін», «көреміз» деген сөз қолданылмауы тиіс. Өйткені, Қазақ рухын биікке шығарған екі ақыннан гөрі орыстың Минин мен Пожарскийін жақсы білетін, еуропалық рухпен, батыстық болмыспен тілі шығып, тәрбиеленіп жатқан жастар үшін бұл жобалардың аналогы жоқ.
Ақын туралы аңыздар
– Айтпақшы, екі дос-ақынды әріптестері Жазушылар одағынан шығарып жіберген дегенді естиміз. Осы рас сөз бе, әлде алып-қашпа қауесеттің бірі ме?
– Ақындықтың жолы бірыңғай даңғыл болады деп кім айтты саған?! Әсіресе, қос таланттың ақындық жолында көлденең жатып алған батыраштар мен қатыраштар аз болмады. Сол баяғы қызғаныш деген қызыл иттер бірінен соң бірі балалап, соңдарына шырақ алып түсті. Ол жайында қаншама естеліктер жазылды, әлі жазылып жатыр. Соның бірі – «қазақ совет жазушысына тән емес қылықтары үшін» екеуінің бірге Жазушылар одағы қатарынан қуылуы. Біреулер «Одақтан шығарылған жоқ» дегісі келеді. Бірақ, архивте сақталған құжаттар олардың Одақ мүшелігінен шеттетілгенін айғақтайды.
Қос ақынға әріптестерінің жасаған қиянаты өте ауыр тиді. Сырт көзге сыпайы көрінгенімен, жаны нәзік ақындар іштей күйреді, қоғамнан оқшауланып қалды. Біраз уақыт көшеге де шықпады, Жазушылар одағының есігін ашпады, көңілдері кір, жүректері лас жерден өздерін аулақ ұстауға тырысты.
Сөйтіп жүргенде 1976 жылы 45 жасқа жетер-жетпесте Мұқағали кетті өзіне-өзі келе алмаған күйі. Одан 12 жыл өткен соң, 1988 жылы 63 жасында дуылдатып, шаңдатып бұ дүниеден Тоқаш та көшті. Қазақ поэзиясының телқоңырлары атанған ақындарынан қазақ осылай айырылған. Иә, кейінірек екеуінің де мүшелігі қалпына келтірілді.
– Тоқаш Бердияров туралы тағы қандай естеліктер есіңізде қалды?
– Жазушылар арасында аңыз боп тараған Тоқаш ақын бастан кешкен хикаяттарды айта бастасақ, бір кітапқа жүк болады. Жазушылар одағында кәттә бастықтар жиналған жиында рұқсатсыз мінбеге шығып «Соғыс болса екен, осында ататын адамдарым бар еді» дегені, Одақтың бірінші басшысы Ә.Әлімжановты шықшытынан бір періп, қалай нокдаунға жібергені, Әлімжановтың одан «өшін» қалай алғаны, екінші хатшы І.Есенберлинді бұрышқа тақап қойып, не себепті қолын бұрап қинағаны, «Жазушы» баспасының директоры Ә.Жұмабаевты не үшін «пышақтай» жаздағаны, оны Ш.Смаханұлының қандай жағдайда «құтқарып» қалғаны, ізінен ерген жас перілерді қалай арақ пен төбелеске үйреткені, туған інісіндей болған М.Мақатаевты қалай «жатқызып-тұрғызғаны», тілімен жағына сүйенген Қыздар институтының сұлуларының ауыздарын қалайша жапқаны өз уақытында жазушылар арасында кең тараған әңгімелер. Ал, енді үнемі бөрліктіріп жүретін Тоқаңның сонау Кеңес заманында баспадан шыққан бір кітабының қаламақысына туған ауылы «Ұшқынға» асфальт жол төсеттіріп бергенін біреу білсе, біреу білмейді. Иә, Тоқаш ақын осындай үлкен жүректі, мәрт азамат болатын. Кешегі Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінен кейін Жазушылар одағында өткен Г.Колбиннен кездесуде орнына жайғаса берген эмиссар басшыға жетіп барып: «Товарищ Геннадий Васильевич, ты почему подавил наш молодеж?!» – деп айбат шеккен екен. Мұндай өжеттікті күтпеген Бірінші хатшы жүзі өрт сөндіргендей қарауытып кетіпті. Жағдайды тез аңғарған Жазушылар Одағының басшысы О.Сүлейменов түк болмағандай: «Не обращайте на него внимания, Геннадий Васильевич, он наш контуженный», – деп, ойын басқа жаққа бұрып жібергенде, істің аяғы немен бітерін ешкім болжай алмайтын еді дейді жұрт. Бұл оқиғадан да қалың көпшілік хабарсыз болуы мүмкін...
Тоқаң істеді деген мұндай-мұндай хикаяттар аз емес. Олар жұрт аузында әлі жүр. Сондықтан Тоқаш ақын ел есінен шығып, есімі ұмытылып кетті дей алмасақ керек. Басқалар ұмытылса да, Тоқаш ақын ұмытылмайды. Қазақ барда Тоқаңдар мен Мақаңдар жасай береді.