Аграрлық деген сөздің мағынасына үңілсек, латын тілінен аударғанда жерді игеру дегенді білдіреді екен. Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені негізгі үш саладан тұрады: ауыл шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау, АӨК-тің дамуын қамтамасыз ету. Біз бүгін Қазақстанның ауыл шаруашылығының салалары жайлы айтпақпыз. Оның ірі екі саласы бар: өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы. Екі шаруашылық бір-бірін толықтырып тұрады және бір-бірімен өзара тығыз байланысты болады. Мал шаруашылығына: қой, түйе, ірі қара, құс т.б. шаруашылықтар жатады. Өсімдік шаруашылығының құрамына: бидай,бау-бақша дақылдарын өсіру және техникалық дақылдар кіреді. Бидай Қазақстанның негізгі астық дақылы болып есептеледі. Бізде бидайдың екі түрі: жаздық және күздік бидай пайдаланылады. Жаздық бидай Қазақстанның солтүстігіндегі құнарлы қара топырақты жерде өсіріледі.
Ал егін шаруашылығының басты саласы дәнді дақыл шаруашылығы болып табылады. Дәнді дақылдарға бидай, тары, қарақұмық, күрішті жатқызамыз. Негізгі астық дақылдарының бірі-күріш. Ол топырақ талғамайды және жылу мен ылғалды сүйеді. Қызылорда облысындағы Сырдария өзені мен Алматы облысындағы Іле өзенінің аңғарларында күріш өсіріледі. Ал еліміздің оңтүстігінде суармалы егіншілік пайдаланылады. Күздік бидай оңтүстік аймақтарда егіледі. Ол бір жылдық астық тұқымдасына жатады. Әдетте мол өнім алу үшін оңтүстік аймақтарда егілген дақылдарды қолдан суару қажет.
Техникалық дақылдар да оңтүстікте жиі өсіріледі. Олар жылусүйгіш дақылдар.Техникалық дақылдарға зығыр, темекі, мақта, қант қызылшасын жатқызамыз. Бұлар тамақ өнеркәсібі мен жеңіл өнеркәсіптің негізгі шикізаттары болғандықтан техникалық дақылдар деп аталады. Оңтүстік Қазақстан облысы аумағындағы Арыс, Келес өзендері бойында мақта өсіріледі. Ол бағалы да талшықты дақыл. Ал қант қызылшасын Жамбыл облысы мен Алматы облыстары өсіреді. Қант қызылшасы ылғал мен жылусүйгіш топырақ талғайды және ол техникалық дақыл болып есептеледі. Ал күнбағыс – бағалы әрі майлы дақыл. Адам ағзасына пайдалы өсімдік майы осы күнбағыстан алынады. Күнбағыстың өсетін жері - Ертіс өзені бойы. Сондай-ақ оның егістік алқаптары Қазақстанның солтүстігіндегі топырағы құнарлы орманды дала мен дала зоналарында және сонымен қатар биік таулы аудандарда Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарының аймақтарында жиі кездеседі.
Енді Қазақстандағы мал шаруашылығы салаларына келер болсақ, оған түйе, ірі қара және қой мен ешкі шаруашылықтары кіреді. Мүйізді ірі қара малдар етті-сүтті болады. Олар еліміздің биік таулы аудандарында және солтүстігіндегі топырағы құнарлы орманды дала мен дала зоналарында өсіріледі. Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары Қазақстандағы мүйізді қара мал шаруашылығы өркендеген аймақтарға жатады. Онда алатау сиыры, талас сиыры, қазақтың етті-сүтті ақбас сиыры, асыл тұқымды сүтті-етті қырдың қызыл сиыры секілді түрлері бағылады. Елімізде мал шаруашылығының ерекше және қосымша саласы ол- марал шаруашылығы. Марал шаруашылығы Тек Шығыс Қазақстан облысында ғана марал шаруашылығы бар. Маралдың мүйізінен халыққа пайдалы дәрі-дәрмектер өндіріледі.
Соның ішінде әсіресе қой шаруашылығы біздің ата-бабамыздан келе жатқан ежелгі шаруашылық. Әдетте қой мен ешкі күй талғамайды, олар өсімдігі нашар шөлді жерлерде де өсе береді. Біздің елімізде қой шаруашылығы далалы, шөлейт, шөл, биік таулы аудандарда жақсы дамыған. Қойдың арқар меринос, еділбай тұқымды, қаракөл қойлары, соныман қатар биязы және жартылай биязы жүнді түрлері бар. Қорыта келгенде айтарымыз, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығының еліміз үшін пайдасы ұшан-теңіз. Олар бірі-бірімен тығыз байланысты болғандықтан екеуін бөліп-жаруға болмайды.
















