Қолына билік тисе, өзге тірліктің бәрін атқарып түгескендей, ана тілін өзінше бұрмалап, билеп-төстегісі келетіндер болған. Аңдасақ, ондайлар қазір де жоқ емес сияқты. Алайда жекелеген шенеуніктердің, тілшілер мен журналшылардың пұшайман әрекеті келекеге ұшырап, ел есінде қалғаны құпия емес.
Айталық, қайбір жылы бір білгішке, маңындағы ат төбеліндей топқа “бастық” сөзі ұнамай қалып, аталымды мансұқтап, аулақтатуға тырысты. Онысынан ештеңе шықпады. Өйткені, жылдар бойы қалыптасқан ұғымда тұрған дәнеңе жоқ-тын. Мәселе өктемшіл мамандардың сапасында, яғни тәрбиесінде, біліктілігінде, жауапкершілігінде болатын.
Ал, шындығына келсек, Бауыржан Момышұлы айтқандай, “Жақсы бастық — жарты бақыт. Ойлы бастық ұқыпты қызметкерді адам етеді, ал ойсыз бастық оқып келген маманды надан етеді”. Осы көкейкесті мәселеге көбірек көңіл бөлінсе, оңтайлы шешімін тезірек табуға қоғам болып атсалысса, құба-құп. Өйткені, түрлі салада, қилы деңгейде басшылық қызметті басқаша түсініп жүргендер баршылық.
Жалпы, уақыт сынынан өткен салт-дәстүрге, әдепке абай болған жөн. Әсіре жаңашылдыққа әуестік, халық сөзін «бос сөз» деуге құмарлық жер-жерде ара-тұра әлі де бой көрсетіп қалады.
Естеріңізде шығар, кейінгінің бір төресі өзге ұлтта кездеспейтін “Бәке, Сәке” сияқты этностық сыйластық сипатындағы сөзге тыйым салуға тыраштанып-ақ бақты. Бүгінде оның өзі жоқ, сыпайы халық сөзі орнында тұр.
Басшы лауазымындағы сондай адамдар әдемі әдепті түсінбеуі, жеке өзіне ұнамағанды билік күшімен шектеуі алда қайта жалғасуы мүмкін бе? Әрине, мүмкін. Әр шенунікке жеке этнография репетиторын жалдай алмаймыз ғой.
Сондықтан бұл мәселеде де ортақ ұлт құндылықтарын құрметтеу этикасы қажет. Бір кезде қазақ фольклорында мәңгілікке орныққан бейне — Алдар көсеге қарсы шығып, оны «оқулықтан алып тастау керек» деп ұсыныс жасаған Мәжіліс депутаты да жадымызда.
Қайткенде де мұндай «бастамалар» ел дәстүрін, орныққан ұлт танымын өзгерте алмады.
Соңғы кезде білім беру мекемелерінде айтылып жүрген ұстазды атауға қатысты пікір де осыған ұқсайды. Көзі қарақты қауымды алаңдататын түйткіл ешкімді бейжай қалдырмаса керек.
Мысалы, қаншама жыл қолданылып, көркем әдебиетке де еніп кеткен “ағай, апай” деген атаулардан жерінетіндей не көрінді?
Еліміздің әрбір қаласы мен ауылында ардақты ұстаздарын әлі күнге дейін ұмытпай, ұлықтап жүрген азаматтардың өнегесі бар емес пе? Ешкімді адастырмайтын жап-жақсы сөзден ат тонын ала қашып, мөңкіп үркетіндей не күн туды? Себебін кім түсіндіріп берер екен?
Дерек үшін айтайық, ҚазМУ-да профессор, әдебиет классигі Мұхтар Әуезовті студенттері «Мұхтар ағай» деп атағанда, дана кісі еш қарсылық айтпаған, «мұның қате» демеген. Дәл сондай жағдайды классик Сәбит Мұқановқа жазған оқырман хаттарынан да көреміз. Көбінде замандастары «Сәбе» десе, жас буын «Сәбит ағай» деп жазыпты.
Қазір ұстазды бір өңірде — “мұғалім”, енді бір жерде — тым ресмилендіріп, шұбыртып “атын, әкесінің есімін” (әдетте орысша -овна, -евна) айтуға міндеттейді.
Бұл мектепалды мекемелердегі, бастауыш сыныптағы балапандарға әжептәуір қиындық туғызытыны жасырын емес. Әрине, мұны оқушының қалауына, еркіне салуға әсте болмайды. Тарихымызға үңілсек, кезінде ұлт ұстаздарына ешкім «Ыбырай Алтынсарыұлы!», “Ахмет Байтұрсынұлы!” деп жүгінбегені анық. Қысқасы, мұғалімге ұнасымды, оқушы қауымға түсініктіжаээ, ортақ бір атау ұсыну білім жүйесіне де, жайлы мектеп (қазір «келешек мектептері») тұжырымдамасына қайшы келе қоймас деп ойлаймыз.
Біздіңше, бұған ұсақ-түйек деп қарауға болмайды. Өйткені, ұстазды сыйлаудың ғана емес, ана тілінде сауатты сөйлеп-жазудың озық үлгісі де мектепте қалыптасады. Ал, санаға сіңірілген бастапқы тәрбие, дәстүрлі әдеп әліппесі, үлкенді сыйлау мәдениеті шәкірт бойында ұзақ сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасады.
Дархан МЫҢБАЙ
Фб парақшасынан