Әйел денсаулығы – ұлт саулығының негізі

Әйел денсаулығы – ұлт саулығының негізі

Әйел денсаулығы – отбасы амандығының, ұлт болашағының кепілі. Ана мен бала саулығын сақтау, репродуктивті денсаулықты нығайту, аурудың алдын алу – медицина саласындағы ең маңызды бағыттардың бірі. Осы орайда акушер-гинеколог, жоғары санатты дәрігер Ахимова Камшат Шүкірғалиқызымен әйелдер денсаулығы төңірегінде әңгімелескен едік.

 

– Алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз.

– Мен – Ахимова Камшат Шүкірғалиқызы, акушер-гинеколог дәрігермін. Еңбек жолымда әйелдер денсаулығын сақтау, ана мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету, гинекологиялық аурулардың алдын алу және дер кезінде ем жүргізу бағытында қызмет етіп келемін. Мен үшін дәрігер болу – жай ғана мамандық емес, бұл үлкен жауапкершілік пен адам өміріне деген жанашырлық.

– Медицина саласын таңдауыңызға не себеп болды?

– Дәрігер болу – менің жүрек қалауым. Әсіресе акушерлік пен гинекология саласы әйел тағдырымен, ана бақытымен, жаңа өмірдің басталуымен тікелей байланысты болғандықтан, мен үшін өте қастерлі мамандық. Әрбір әйелдің денсаулығын қорғауға үлес қосу – мен үшін үлкен мәртебе.

– Біліміңіз бен кәсіби жолыңыз туралы айтып өтсеңіз.

– Менің медициналық білім алу жолым бірнеше кезеңнен тұрды. 2005 жылы «Астана медицина университетінде» емдеу ісі мамандығы бойынша білім алдым. 2006 жылдан 2011 жылға дейін С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде оқуымды жалғастырдым. 2011-2012 жылдары КРМУ-да акушерия және гинекология мамандығы бойынша интернатурадан өттім. Кейін кәсіби білімімді жетілдіру мақсатында 2015 жылы С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да «Сәулелік диагностика» бойынша қайта даярлаудан өттім. 2018 жылы Қазақстан медицина университеті «Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінде» «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша магистратураны аяқтадым.

2025 жылы маған акушерия және гинекология мамандығы бойынша жоғары біліктілік санаты берілді. Сол жылы денсаулық сақтау менеджменті бойынша сертификаттау курсынан өттім. Бұл білім мен тәжірибе күнделікті жұмысымда кеңінен қолданылып келеді.

– Әйелдер дәрігерге қаншалықты жиі қаралып тұруы керек?

– Әрбір әйел жылына кемінде бір рет профилактикалық тексеруден өтуі тиіс. Ал қандай да бір шағымдар, етеккір циклінің бұзылысы, іштің төменгі бөлігіндегі ауырсыну, бөлінділердің өзгеруі немесе жалпы жай-күйдің нашарлауы байқалса, уақыт оздырмай дәрігерге көрінген жөн. Ерте анықталған ауруды емдеу де жеңіл әрі нәтижелі болады.

– Қазіргі кезде жиі кездесетін гинекологиялық мәселелер қандай?

– Бүгінде қабыну аурулары, гормоналдық теңгерімсіздік, жатыр мойны патологиялары, аналық без қызметінің бұзылыстары жиі кездеседі. Мұндай мәселелердің туындауына күйзеліс, дұрыс тамақтанбау, қозғалыстың аздығы, ұйқы режимінің бұзылуы, сондай-ақ қоршаған ортаның қолайсыз әсері себеп болуы мүмкін.

– Әйелдер өз денсаулығын сақтау үшін ең алдымен неге мән беруі керек?

– Ең бастысы – денсаулыққа жауапкершілікпен қарау. Бұған жеке гигиена, дұрыс тамақтану, белсенді өмір салты, жеткілікті ұйқы, күйзелісті азайту және профилактикалық тексерулерден тұрақты өту жатады. Сонымен қатар өз бетінше ем қабылдаудан сақ болған жөн. Кез келген ем шарасы дәрігер кеңесімен жүргізілуі керек.

– Жүктілікті жоспарлау не үшін маңызды?

– Жүктілікті жоспарлау – дені сау ұрпақтың негізі. Болашақ ана жүктілікке дейін толық тексеруден өтіп, ағзадағы созылмалы ауруларды бақылауға алып, қажетті дәрумендер мен микроэлементтерді қабылдауы қажет. Бұл ана денсаулығын сақтауға да, баланың дұрыс дамуына да оң әсер етеді.

– Жас қыз-келіншектерге репродуктивті денсаулықты сақтау жөнінде қандай кеңес берер едіңіз?

– Репродуктивті денсаулық жастайынан қалыптасады. Сондықтан қыз-келіншектер өз ағзасындағы өзгерістерге мұқият болып, зиянды әдеттерден аулақ жүруі, дұрыс тамақтанып, профилактикалық тексерулерден уақытылы өтіп тұруы керек. Денсаулыққа бүгін жасалған қамқорлық – ертеңгі аналық бақыттың кепілі.

– Қазіргі қоғамда әйелдер арасында профилактикалық мәдениет жеткілікті деңгейде қалыптасқан деп ойлайсыз ба?

– Соңғы жылдары бұл бағытта оң өзгерістер бар. Әйелдер денсаулығына сергек қарай бастады. Дегенмен әлі де болса профилактикалық тексеруге тек шағым пайда болғанда ғана келетіндер кездеседі. Негізінде, аурудың алдын алу – емдеуден әлдеқайда тиімді.

– Дәрігер ретінде жұмысыңыздағы басты ұстанымыңыз қандай?

– Менің басты ұстанымым – әр пациентке мұқият қарау, кәсіби жауапкершілікті сақтау және жанашырлық таныту. Әйел адам дәрігерге сеніммен келуі керек. Сол сенімді ақтау – әр маманның парызы.

– Сіздің ойыңызша, әйел денсаулығы қоғам үшін неліктен маңызды?

– Себебі әйелдің саулығы – отбасының саулығы. Дені сау ана – дені сау ұрпақтың кепілі. Сондықтан әйел денсаулығына қамқорлық жасау тек дәрігерлердің ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті деп есептеймін.

– Оқырман қауымға қандай тілек айтасыз?

– Барша әйелдерге айтарым: өз денсаулықтарыңызға бейжай қарамаңыздар. Уақытылы тексеріліп, дәрігер кеңесіне жүгінуден тартынбаңыздар. Денсаулық – адамға берілетін ең қымбат байлық. Әр шаңырақта амандық, әр анаға саулық, әр сәбиге бақыт тілеймін.

 

Сұхбаттасқан –  

Аяужан   ЖАЙЛАУҚЫЗЫ,

  Алматы  қаласы

 

23.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24557
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24220
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41672
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37563
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41942